Еуропаға Каспий газы 2019 жылдың аяғында алғаш рет жеткізілетін болады

БАКУ. ҚазАқпарат - Оңтүстік газ дәлізі бойынша Еуропаға әзербайжандық газды жеткізу 2019 жылдың аяғында басталады. Бұл туралы Бакуде Мұнайшылар күні құрметіне өткен салтанатты қабылдауда сөз сөйлеген SOCAR (Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы) басшысы Ровнаг Абдуллаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Оңтүстік газ дәлізінің барлық кезеңдеріндегі жұмыс кестеден алға озып жүргізілуде.

«Газды мерзімінде жеткізу жағынан мәселе туындай қоймас деп ойлаймын. 2018 жылдың бірінші жартысында газ Түркияға, 2019 жылдың соңында Еуропаға жеткізіледі», - деді Р, Абдуллаев.

«Оңтүстік-Кавказ құбыр өткізгішін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Грузияда компрессорлық станса салынуда. Түркияда Трансанатолий құбыры (TANAP) құрылысында дәнекерлеу жұмыстары басталды, сондай-ақ құбыр жеткізу үрдісі белсенді жүргізілуде. Еуропада белгілі бір саяси қиындықтарға қарамастан, Трансадриат құбырын (TAP) салу басталды», - деп атап өтті ол.