Еуропаға виза режимін жеңілдету: нақты шешім қашан болады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропаға виза режимін жеңілдету бойынша келіссөздің екінші раунды өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Бұл келіссөздердің екі раунды өтті. Жақсы ілгерілеу бар. Атап айтқанда, көпжақты аспектілер талқыланып жатыр. Сондықтан жақын арада виза режимін жеңілдетуге қол жеткіземіз деп ойлаймын, - деді Арман Исетов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол таяуда бұл бағытта қол қойылатын құжаттың жобасы толық келісілуі мүмкін екенін атап өтті.

- Қазақстан жағы бар күш-жігерін салып жатыр. Жалпы, келіссөздер оңтайлы негізде өтіп жатқанын білемін, - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, биыл наурыз айында ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропаға виза режимін жеңілдету бойынша келіссөзде негізді жұмыстар пысықталып болғанын мәлімдеді.