«Еуропаға жол өзімізден басталады» -тамыздың 12-сі күнгі қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 12-сі,  ссәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық еліміздің алдына халықаралық тұр­ғы­дағы үлкен міндеттер жүктесе, ол сонымен бірге Еуропа елдерімен тығыз байланысқа түсу, еліміз үшін кәрі құрлық рыногына жол салу, даму деңгейімізді әлемдік, еуропалық стандарттар талаптарына сәйкестендіру жөнінен әрбір қазақстандыққа жауапкершілік артатыны сөзсіз. Кеше газет тілшілері түрлі өңірдегі түрлі жастағы түрлі мамандық иеле­ріне хабарласып, сол жауапкершілік жөнінде өз пікірлерін білдіруді өтінген еді», - деп жазған «Егемен Қазақстан» газеті бұл күнгі нөмірінде «Еуропаға жол  өзімізден басталады» деген ортақ тақырыппен бірқатар ел азаматтарының ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа байланысты ой-пікірлерін назарға тартады.     

  

***

«- Халқымыз "Біткен іске сыншы көп" деген. Сол айтқандай, қай жұмысты болмасын көптің көңілінен шығатындай етіп орындай қоямын деу асылық болады. Алайда, міндеттің аты - міндет. Елбасының Жолдауында айтылған, Үкімет белгілеген міндеттер мен тапсырмаларды және бағдарламаларды облыс басшысы болған соң бұл­жытпай орындауға тиіс­піз», - дейді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин.

Әкімнің әңгімесін  «Дағдарыс дауылының екпінін еңбек қана қайтарады» тақырыбымен берілген сұхбаттан оқуға болады.

  

***

 «Орталық Азия кеңістігіндегі ең құлқыны кең жемқорлар Қазақстанда». «Айқын» басылымы бірінші беттегі мақаланың тақырыбын осылай беріпті. «Орталық Азия кеңістігіндегі  ең құлқыны кең жемқорлар -Қазақстан шекарасында екен! USAID және басқа да еуропалық ұйымдардың қолдауымен жүргізілген зерттеулердің кеше жария етілген нәтижелері осыны паш етіп отыр. Мәселен, осы деректер бойынша, қазақстандық кеденшілер орта есеппен 3684 доллар алады, бұлардан өзбекстандық әріптестері көп артта қалып келеді. Олардың қолына орташа 1109 доллар қыстырсаң, жүгіңді кеденнен жеңіл көткізетін көрінеді», деп жазады газет.

  

***

Таяуда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов Ұлттық банк пен Қаржы қадағадау агенттігін біріктіру турасында ұсыныс тастағаны белгілі. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин  осы ұсынысқа қолдау білдіріп, өз пайымдауларын жұрт талқысына шығарыпты. Ғалымның мақаласы «Айқын» газетінде «Қайрат Келімбетовтің ұсынысы қолдауға лайық» деген тақырыппен жарияланған.

***

«Мен мұғалімнің айлығымен отырып-ақ, мультфильм жасауға әзірмін». Осы тақырыппен «Айқын» газеті «Құтжол» анимациялық студиясының директоры Әбдіқадыр Біләлұлының сұхбатын беріпті. 

«-Анимацияның  балалардың санасына ықпал етудегі ең қолайлы құрал екенін білгендіктен дамыған елдер осы салада қарқынды жұмыс жасауда.  Мұны біз күнделікті көрсетіліп жүрген жөнді-жөнсіз сериалдардан байқап жүрміз. Дамыған елдерден үлгі алатын болсақ, біз де қоғамға, қоғамның бір мүшесі - балаларға бірінші кезекте анимация арқылы жақындауымыз керек», - дейді осы салаға қатысты ойын ортаға салған Ә. Біләлұлы.