Еуропаға жүк тасымалдайтын қазақстандықтарға бағыттарын өзгерту ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Ресей мен Эстония шекарасындағы өткізу пункттері арқылы автомобиль қатынасы уақытша тоқтатылады. Шектеу бастапқыда алты айға енгізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Осыған байланысты Еуропа бағытында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет.

Әсіресе, қазір жолда келе жатқан немесе 1 желтоқсанға дейін аталған өткізу пункттеріне жетуді жоспарлап отырған тасымалдаушыларға ерекше назар аудару ұсынылады.

-Кешігулер мен қосымша шығындардың алдын алу үшін Көлік министрлігі оларға балама бағыттарды қарастырып, шекарадан өтудің басқа жолдарын алдын ала жоспарлауға кеңес береді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы 80,5 млн тоннаға жеткені туралы жаздық.