Еуропалық клуб Рамазан Оразовтың ойынына көңілі толмай, келісімшартты бұзды
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов словениялық «Коперден» кетеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, клуб басшылығы футболшымен келесі маусымның соңына дейін белгіленген келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу жөнінде шешім қабылдаған.
Оған клуб басшылығының Оразовтың ойынына көңілі толмауы себеп.
«25 жастағы Оразов биылғы жазда „Тобылдан“ „Бонифика“ стадионына ауысып, қазақстандық БАҚ-тың назарын „Коперге“ аударған болатын. Ол команда құрамында 12 кездесу өткізіп, небары бір ғана гол соқты. „Копер“ оның келісім-шартына келесі маусымның соңына дейін қол қойылғанымен, клубтағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылардың бірі екенін ескере отырып, қосқан үлесі жеткіліксіз деп санайды. Нәтижесінде келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу жөнінде шешім қабылданды», - деп жазды FootballPlanet.
Айта кетейік, «Копер» мен «Тобылдан» бөлек Рамазан Оразов 2023 жылы «Ақсу» құрамында да ойнап үлгерді.
«Қайрат» түлегі бұған дейін шетелде — Латвияның «Даугавпилсы» (2020) мен Ресейдің «Чайкасында» (2020-2021) қысқа мерзімді өнер көрсетті.