Кездесуді Канада Премьер-министрі Марк Карни қабылдап отыр. Еуропалық одақ атынан Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен және Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас қатысуда. Саммит жұмысына сауда, қорғаныс және жастар саясатына жауапты өкілдерді қоса алғанда, бірқатар еурокомиссар да қатысады.
Саммит қорытындысы бойынша тараптар саяси, экономикалық және институционалдық ынтымақтастықты тереңдетуге, сауда қауіпсіздігін нығайтуға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған «Болашақ альянсы» атты негіздемелік бастаманың іске қосылғанын жариялауды жоспарлап отыр.
Күн тәртібіне сауда және цифрлық сауда, аса маңызды шикізат пен жеткізу тізбектері, қорғаныс және қауіпсіздік, энергетика, сондай-ақ білім беру, ғылыми зерттеулер, инновациялар және жастар алмасуы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері енгізілген.
Саммит 2025 жылғы маусымда Брюссельде өткен көшбасшылар кездесуінен кейін екіжақты қатынастардың тереңдеуі аясында өтіп жатыр. Сол кезде Еуропалық одақ пен Канада арасындағы болашаққа арналған жаңа стратегиялық әріптестік қабылданып, қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы әріптестік туралы келісімге қол қойылған еді. Содан бері Канада Еуропалық одақтың SAFE бастамасына қосылған алғашқы еуропалық емес ел атанды.
Бұған дейін еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында саммиттің қорытынды декларациясына Канадаға Еуропалық одақтың «қауымдастырылған мүшесі» мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілмегені хабарланған болатын. Оның орнына тараптар одан әрі жақындасуға бағытталған «ever closer association» («ынтымақтастықты одан әрі тереңдету») деген тұжырымды қолданады.
Еуропалық одақ – Канаданың сауда көлемі бойынша екінші ірі серіктесі. 2025 жылы тараптар арасындағы тауарлар мен қызметтер саудасының көлемі 130 миллиард еуродан асты.