Еуропаның ең жоғары сот органы компанияға салынған рекордтық 4,1 миллиард еуро көлеміндегі айыппұлдың заңды екенін растады.
Сегіз жылға созылған сот процесі Люксембургте орналасқан Еуропалық Одақ Сотының (CJEU) шешімімен аяқталды. Жоғары сот инстанциясы технологиялық алпауыттың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, Еуропалық комиссияның Google-дың мобильді операциялық жүйелер нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны туралы қорытындысын заңды деп таныды.
Бастапқыда Еуропалық комиссия 2018 жылы Google-ға бұдан да жоғары — 4,34 миллиард еуро көлемінде айыппұл салған болатын. Реттеуші орган компания Android операциялық жүйесінің кең таралуын бәсекелестердің нарыққа шығуына кедергі жасау үшін пайдаланғанын анықтады.
Атап айтқанда, Google смартфон өндірушілеріне:
Google Play қолданбалар дүкеніне лицензия алу үшін Google Search іздеу жүйесі мен Chrome браузерін құрылғыларға міндетті түрде алдын ала орнатуды талап еткен;
сондай-ақ Android-тің балама нұсқаларымен жұмыс істейтін құрылғыларды сатудан бас тартуды міндеттеген.
2022 жылы бірінші сатыдағы сот айыппұл көлемін аздап қысқартып, 4,1 миллиард еуроға дейін төмендетті. Сонымен бірге тағылған айыптардың басым бөлігін негізді деп таныды. Ал жоғары соттың бүгінгі шешімі бұл іске түпкілікті нүкте қойды.
— Google және оның бас компаниясы Alphabet Бас соттың шешіміне қарсы берген апелляциялық шағым қанағаттандырылмады. Осылайша, Android операциялық жүйесі аясында Google Search қызметі арқылы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін салынған айыппұл толық көлемде заңды деп танылды, — делінген судьялардың ресми мәлімдемесінде.
Google компаниясының өкілдері өздерінің ресми мәлімдемесінде сот шешіміне көңілдері толмайтынын білдірді. Компанияның айтуынша, бұл үкім Android-ті баршаға қолжетімді, үйлесімді және тегін ашық операциялық жүйе ретінде дамытуға салынған миллиардтаған инвестицияны ескермейді.
— Қалай болғанда да, біз 2018 жылдың өзінде-ақ Еуропалық комиссияның бастапқы шешіміне сәйкес болу үшін келісімдерімізге өзгерістер енгіздік. Біз пайдаланушыларымыз, серіктестеріміз және әзірлеушілеріміз үшін инновациялар енгізу мен ашықтық қағидатын сақтауға басымдық беруді жалғастырамыз, — деп мәлімдеді Google.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта Big Tech секторындағы ірі технологиялық компаниялар жаңа санкцияларға тап болуы мүмкін. Қазіргі кезде олардың қызметі күшіне енген Еуропалық цифрлық нарықтар туралы заңмен (Digital Markets Act, DMA) қатаң реттеледі. Бұл заң ІТ-алыптарының қызмет көрсету барысында әділетсіз бәсекелестікке жол беруінің алдын алуға бағытталған.
Осыған дейін Google-ды айыптаған нәсілдік кемсітушілік ісі 50 млн доллармен жабылғанын жазғанбыз.