Еуропалық орталық банк инфляцияның үдеуін тежеу үшін жыл басынан бері екінші рет пайыздық мөлшерлемені көтерді. Маусым айында реттеуші мөлшерлемені үш жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет көтерген еді.
Еуропалық орталық банктің басқарушылар кеңесі 10 қыркүйек, бейсенбі күнгі отырысында үш негізгі пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтерді. Реттеушінің отырыс қорытындысы бойынша жариялаған хабарламасына сәйкес, депозиттер бойынша мөлшерлеме жылдық 2,5 пайызға, негізгі қайта қаржыландыру операциялары бойынша 2,65 пайызға, маржиналдық кредиттер бойынша 2,9 пайызға дейін өсті. Бұл шешім «Трейдинг Экономикс» порталы сауалнама жүргізген сарапшылардың болжамымен сәйкес келді.
— Таяу Шығыстағы қақтығыс инфляциялық қысым тудыруын жалғастыруда және инфляция ұзақ уақыт бойы нысаналы деңгейден едәуір жоғары болуы ықтимал, — делінген Еуропалық орталық банктің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар реттеуші инфляцияны орта мерзімді перспективада 2 пайыздық нысаналы деңгейде тұрақтандыру үшін қолындағы барлық құралды түзетуге дайын екенін атап өтті.
Еуропалық орталық банктің басшысы Кристин Лагард баспасөз мәслихатында мөлшерлемені көтеру туралы шешімнің «толықтай айқын» болғанын және банк басшылығының оны бірауыздан қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, мөлшерлеменің бұдан кейінгі бағыты талқыланбаған, ал реттеуші келіп түсетін статистикалық деректерге сүйенетін болады.
Маусым айындағы отырыста Еуропалық орталық банк мөлшерлемені 2023 жылғы қыркүйектен бері алғаш рет көтерді. Ақша-кредит саясатын қатаңдату да Таяу Шығыстағы қақтығыс пен инфляцияның үдеуімен байланыстырылды.
Еуропалық орталық банк 2026–2028 жылдарға арналған болжамдарын ішінара қайта қарады
Еуропалық орталық банк қыркүйектегі отырысының қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде болжамдарға қатысты белгісіздік сақталып отырғанын атап өтіп, инфляцияның үдеу және экономикалық өсімнің баяулау тәуекелдеріне назар аударды.
— Еуропалық орталық банк сарапшылары әзірлеген жаңартылған сценарийлер жалпы ішкі өнім мен инфляция динамикасының ықтимал бағыттарының кең ауқымын көрсетеді, — делінген хабарламада.
Еуропалық орталық банктің бағалауынша, еуроаймақтағы жалпы инфляция 2026 жылы орта есеппен 3 пайыз, 2027 жылы 2,5 пайыз және 2028 жылы 2,1 пайыз болады. Энергия тасымалдаушылар мен азық-түлік бағаларын есепке алмайтын базалық инфляция 2026 жылы 2,5 пайыз, 2027 жылы 2,6 пайыз және 2028 жылы 2,3 пайыз деңгейінде болжанып отыр.
Маусым айымен салыстырғанда 2026 жылға арналған базалық инфляция болжамы өзгерген жоқ, ал 2027 және 2028 жылдарға арналған болжам жоғары қарай қайта қаралды.
2026 жылғы экономикалық өсімнің базалық болжамы 0,9 пайызға, ал 2027 жылға арналған болжам 1,4 пайызға дейін көтерілді. 2028 жылы еуроаймақтың жалпы ішкі өнімі 1,5 пайызға өседі деп күтілуде. Бұл маусым айындағы болжаммен сәйкес келеді.
Еске салайық, биыл маусым айында Еуропалық орталық банк 2023 жылғы қыркүйектен бері алғаш рет пайыздық мөлшерлемені көтеріп, бұл шешімді инфляциялық тәуекелдердің күшеюімен түсіндірген еді.
Еуропалық орталық банктің экономистері 2026 және 2027 жылдарға арналған инфляция болжамдарын жоғары қарай қайта қарады. Бұған энергия тасымалдаушылар бағасының қымбаттауына қатысты болжамдардың өсуі себеп болды. Бұл тауарлар мен қызметтер бағасының одан әрі қымбаттауына әкелуі мүмкін.