Еуропалық сарапшы Қазақстандағы сайлаудың жаһандық контекстегі маңызын бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы сайлауды тек дауыс беру үдерісі ретінде ғана емес, саяси институттар мен азаматтардың өкілдігін дамытудағы маңызды элемент ретінде қарастыру қажет. Мұндай пікірді Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры, экономика және халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Гленн Холе білдірді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Сайлау бұл тек сайлаушылар мен дауыс беру ғана емес. Бұл сондай-ақ азаматтардың заң шығару қызметі мен мемлекеттік институттардың жұмысына қатысуына мүмкіндік беретін өкілдікті қалыптастыру үдерісі, — деді сарапшы.

Гленн Холе сайлау нәтижелерін кең ауқымды саяси және халықаралық контексті ескере отырып бағалау қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ мемлекеттік институттарды одан әрі дамыту және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын арттыру маңызды екенін айтты.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістер халықаралық қатынастар тұрғысынан қызығушылық тудырады. Себебі Қазақстан Қытай, АҚШ және Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда, түрлі ықпал орталықтарымен қарым-қатынасын одан әрі қалыптастырып келеді.

Гленн Холе тұрақты даму және климаттың өзгеруі мәселелеріне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық күн тәртібі мен осы саладағы халықаралық ынтымақтастық мемлекеттердің болашағы үшін барған сайын маңызды бола түседі.

— Бүгінде болып жатқан үдерістерге тек ішкі саясат тұрғысынан ғана емес, кеңірек перспективадан, яғни жаһандық контекст аясында қарау аса маңызды, — деді сарапшы.

Бұған дейін бельгиялық байқаушы Құрылтай сайлауы Орталық Азия үшін маңызды кезең екенін айтқан еді.