Еуропалық банк Павлодар қаласын жарықтандыруға 2,6 млрд теңге несие бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Павлодар қаласын жарықтандыру жұмыстарына 2,6 млрд теңге несие бөлді,         деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЕҚДБ Павлодар қаласының жарықтандыру жүйесін жетілдіруге, пайдалануға және қызмет көрсетуге жауапты «EverlightAlto» консорциумына 2,6 млрд теңге сомаға несие берді.

Атап өтілгендей, қазіргі таңда көшедегі шамдардың 82% жуығы жоғары қысымды және газ разрядты натрийлік, сапасы да өте төмен. Сыртқы жарықтандыруды бақылау шкафтарының 60% жарамсыз болып қалған. Ендігіде олар 12 мың жарық-диодты шамдар мен сыртқы жарықтандыруды басқарудың 70 заманауи шкафына алмастырылады.

Сыртқы жарықтандыру жүйесін тиімді басқару үшін энергия тұтынуды төмендетуге және пайдалану шығындарын оңтайландыруға әсер ететін автоматтандырылған аппараттық және бағдарламалық жүйелер орнатылатын болады.

Келісімге бүгін Астанада қаласында қол қойылды.

Айта кетейік, қазіргі күнде ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 8,7 миллиардтан астам АҚШ долларын инвестициялады.

Дәулет Ізтілеу