Еуропалық комиссия шекаралық бақылауды ұзартуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық комиссия Еуроодақ кеңесіне Австрия, Германия, Норвегия, Дания және Швеция елдеріне тағы 3 ай мерзімге шекаралық бақылауды ұзартуды ұсынды. Бұл шара елге ағылған босқындар легін тежеу мақсатында қабылданбақ, деп хабарлайды 24.kz.

Еуропаға ентелеген келімсектердің дені Ливия жағалауынан Италияға өтіп жатыр. Әсіресе, жанбағыс үшін жанталасқан африкалық жұмысшылардың қарасы қалың. Еуроодақ осы ағынды тежеуге ниетті.

«Өткен айда біз Еуропада бұрын-соңды болмаған көші-қон мәселелерін шешу үшін атқарылатын іс-шаралардың күшейтілгеніне қарамастан, қажетті нәтижеге жеткізе алмадық. Сондықтан да біз осы бес елде шекаралық бақылауды ұзартуды соңғы қатаң шара ретінде ұсынып отырмыз»,- дейді Ішкі істер және көші-қон мәселелері жөніндегі еуропалық комиссар Димитрис Аврамопулос.