***
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазанның 27-інде Францияға сапары барысында аталған елдің саяси, іскер, интеллектуалдық топтары және БАҚ өкілдерімен кездесті. Шара аясында француз публицисі Пьер-Люк Сегийцонның «Қазақстан - Еуразия түпқазығы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткен. «Егемен Қазақстан» газеті осы кітапта басылған Елбасы Н.Назарбаевтың сұхбатын оқырман назарына ұсынып отыр. «Орталық Азияда баршаны қамтитын қауіпсіздік мәселесі Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуалға тікелей байланысты. Бұл екі мемлекетке көмек көрсету талап етіледі. Мұндай қажеттілік бар болып тұрған кезде біз ондай көмекті көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғылар айтқанындай, көмек көрсету - бұл қазіргі бар немесе мүмкін болатын бәлеге қойылатын тосқауыл. Тұтастай алғанда біз Саммит ЕҚЫҰ-ның дамуындағы жаңа кезеңнің басы болатынына сенімдіміз. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің көшбасшылары келеді. Біз жемісті үнқатысуға келеді деген үміттеміз», - дейді Н.Назарбаев сұхбатында.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуроодақ елдеріне (Бельгия Корольдігі мен Француз Республикасы) жасаған ресми сапарының қорытындылары әлемдік БАҚ-тардың қызығушылығын оятып, қоғамдық резонанс тудырды. «Егемен Қазақстан» газеті сол мақалалардың бірқатарынан үзінді жариялап отыр. Мәселен, америкалық The Wall Street Journal газеті "Қазақстан Еуроодақпен байланысты нығайта түсті" деген материалында бұл сапар елдің экономикалық дағдарыстан шығып, ХВҚ болжауы бойынша экономиканың биылғы өсімі - 5,4, ал ендігі жылғы өсімі - 5,1 пайызға (2009 жылғы өсім 1,2 пайыз ғана болған) жетеді деп отырған сәтінде болып отыр. Дағдарыс салдарынан құтылған Қазақстан Үкіметі енді шетелдік инвестицияларды тартуға белсенді түрде кірісе бастады, деп жазды. Ал Le Monde Dіplomatіque газеті Қазақстанның 2010 жылдың басынан ЕҚЫҰ төрағасының міндетін атқарып келе жатқанын және оның Орталық Азия аймағында тұрақтылықтың сақталуындағы рөлін атап өткен. "Бұл ел кең құлашты және серпінді даму үстіндегі халықаралық саясат жүргізіп келеді. Көптеген аса маңызды ғаламдық бастамалар Н.Назарбаевтың өз ойы арқылы шығуда", делінген мақалада.
***
«Қаржы полициясында өткізілетін брифингтер сана мен сезімді селт еткізер сенсациялар мен ауызыңды аңырайтып, жағаңды ұстататын жаңалықтарға толы болатын болды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай да елді елеңдететін сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауап беруден танар емес», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Жақсылықтың - «жыры», Мешімбаеваның - «мұңы» жылда жалғаса бере ме?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұрынғы министрге қатысты қылмыстық іс тексеріліп жатқандығын атап өткен Қаржы полициясының ресми өкілі Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовтың: «Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны тұтқынға алу жөнінде санкция берген жоқпыз», деген мәлімдемесін жоққа шығарған. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, бүгінгі нөмірді жіберіп алмаңыз.
Елбасының Бельгия Корольдігі мен Францияға жасаған ресми сапары аяқталуына орай «Айқын» газетінде «Еуропалық көшбасшылар Қазақстанға сенеді» деген мақала жарық көрді. Басылымның баяндауынша, Елбасы Еуроодақ елдеріне жасаған сапарының нәтижелі болғандығын, еліміз үшін өте маңызды құжаттарға қол қойылғандығын баса айта келіп, алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне тоқталған. Еуропалық көшбасшылар Қазақстанға сенеді, саммиттің өтуін дұрыс деп санайды. Біздің мойынымызда осы әлемдік деңгейдегі іс-шараны ойдағыдай өткізу туралы үлкен міндет бар. Астана саммитінің ұйым қызметінің жаңа сатысының бастауы болатынына сенімдімін. Ол стратегиялық бағыттарды және Ванкуверден Владивостокке дейінгі біртұтас және бөлінбейтін «Жол картасы» үдерісі жүйесін белгілейді», - деп атап өтті Елбасы.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, елордада ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушыларды жайғастыратын қонақүй саны - 68. Мұның сыртында қажеттілік туындаған жағдайда пайдалану үшін және он мейманхана қарастырылған. Мейманханаларға қатысты еш мәселе туындамас үшін қала әкімдігі бұл бағыттағы шаруаны кешенді түрде шешіп отыр. Арнайы штаб қонақүй инфрақұрылымын тыңғылықты зерттеп, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келмейтін тұстарды жоюды үйлестірген. Сондай-ақ қонақүй қызметкерлері қызмет көрсету саласына қатысты бірқатар курстардан да өткен. Ал қала әкімдігі мейманханаларға тиесілі барлық аумақта аббаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жолдарын реттеген. 63 нысанның алдында автотұрақ орындарын қалыпқа келтірген.
***
«Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстандағы ІТ-технологияларды дамыту мәселелеріне арналған көшпелі жұмыс кеңесін өткізді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кеңес барысында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникативтік холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Измайлов, Қазақстандық ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникативтік холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева, «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «Логиком» АҚ бас директоры Сергей Швалов және басқалар сөз сөйледі.