Еуропалық Одақ әлемдегі шиеленіс аймақтарындағы мәселелердің ұзаққа созылуына алаңдаулы

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Еуропалық Одақ дағдарысқа ұшыраған шиеленіс аймақтарын реттеуде нақты жетістіктерге қол жеткізуді аңсап отыр. Себебі аталмыш шиеленістерге қатысты мәселелер ұзаққа созылған сайын қалың көпшіліктің Еуропалық Одаққа деген сенімі де әлсіреп барады.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясының пленарлық мәжілісінде Еуропалық Одақ атынан сөз алған Бельгия мемлекетінің өкілі мәлім етті.

Оның пікірінше, Грузия, Молдова, Таулы Қарабақ, сияқты аймақтардағы шиеленістерді шешу үшін халықаралық деңгейде күш біріктірген абзал. Бұл ретте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аясында және өзге де халықаралық деңгейде қол қойылған құжат талаптары кеңінен пайдаланылуы қажет. «Осы орайда айта кететін мәселе Грузия мен Молдованың территориялық тұтастығы мен аталмыш елдердің дербестігін қамтамасыз ету принциптері басты назарға алынуы керек. Ал Таулы Қарабақ мәселесі Мадрид ұстанымдары негізінде шешілгені дұрыс», - деді Бельгияның өкілі.