Еуропалық Одақ өкілдері Саммит аясында Астана құжатын дайындау ісіне белсенді атсалысатындықтарын білдірді

АНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясының пленарлық мәжілісінде Еуропалық Одақ атынан сөз алған Бельгия мемлекетінің өкілдері ЕҚЫҰ төрағасы болып отырған Қазақстан тарапына халықаралық ұйым аясында қолға алып отырған шаралары үшін алғысын білдірді.

«Біз Вена, Варшава және Астана қалаларында өткен жиындардан соң 1-2 желтоқсан күндері өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне дайындалудамыз. Еуропалық Одақ өкілдері осы жиындар барысында түрлі делегация мүшелері тарапынан жасалған ұсыныстар мен пікірлер, айтылған әңгімелер біздің Саммиттің қорытынды құжатын дайындауға зор ықпалын тигізді деп есептейді», - деді Бельгия өкілі.

Сондай-ақ ол сөзінде, ЕҚЫҰ Саммитінің Шолу конференциясының қорытындысы негізінде Еуропалық Одақ Астана құжатын дайындау ісіне белсенді атсалысатынын жеткізді. «Біз алдағы болатын алқалы жиында Астана саммитінің сәтті өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», -деді белгиялық.