Еуропалық вирусолог коронавирусқа қарсы вакцинаға баға берді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгиялық вирусолог Стивен Ван Гухт Еуропалық дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігінің ЕО-дағы коронавируске қарсы үшінші вакцинаны мақұлдау туралы шешімін оң бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

29 қаңтарда Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі AstraZeneca жасаған коронавируске қарсы вакцинаны мақұлдады. Медициналық препараттар саласындағы еуропалық органның мәліметінше, швециялық-британдық фармацевтикалық компанияның вакцинасы Covid-19 вирусына қарсы 66% тиімділікке ие.

Бельгиялық БАҚ-қа берген пікірлерінде С. Ван Гухт «Pfizer» және «Moderna» (шамамен 94%) компаниялары вакциналарының жоғары көрсеткіштерінің қасында 60% тиімділік көрсеткішін де оптимизммен қабылдау керек», - деп айтты.

Мысал ретінде бельгиялық маман АҚШ-тың дәрі-дәрмек жөніндегі федералды агенттігі медициналық препаратты мақұлдау кезінде бақылау көрсеткіштерін 50% деңгейінде басшылыққа алатынын, тұмауға қарсы орташа вакцинаның 60% деңгейінде тиімділігі бар екенін атап өтті.

AstraZeneca вакцинасының 65 жастан асқан адамдарға қауіпсіздігі жөнінде вирусолог вакцинаны бұрын мақұлдаған және белсенді қолданған Ұлыбританиядағы мәліметтерге сүйенетінін жеткізді.

«Алдағы бірнеше аптада біз Ұлыбританиядан препараттардың егде адамдар арасындағы тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметтерді күтеміз. Бұл елде пациенттерді тіркеу мен бақылаудың жақсы жүйесі бар және бұл мәлімет бізге 65 жастан асқан ЕО тұрғындарын вакциналауды бастамастан бұрын қолжетімді болады», - дейді бельгиялық дәрігер.

Вирусолог адамдарды вакцинациялаудың маңыздылығын да айрықша атап өтті.

«Барлығы неғұрлым тез вакциналанса, пандемия соғұрлым тез жеңіледі. Еуропа одағында мақұлданған барлық вакциналар осы уақытқа дейін тиімді жұмыс істеп келеді», - деп толықтырды С.Ван Гухт.