Еуропаның 12 елінде 120 млн еуроға қатысты қаржылық қылмыс әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропаның 12 елінде ұйымдасқан қаржылық қылмысқа қарсы ауқымды операция барысында 300-ден астам тінту жүргізіліп, 21 күдікті ұсталды. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ жазды.

Фото: thueringen.de

Сәрсенбі күні өткен операцияға бірнеше елдің полициясы, кеден органдары мен прокуратураларынан 3 мыңнан астам қызметкер қатысты.

Негізгі іс-шаралар Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерінде өтті. Онда шамамен 100 тінту жүргізілді. Сонымен қатар Бельгия, Нидерланд, Франция, Италия, Эстония және Шығыс Еуропаның бірқатар елінде де тінту шаралары өтті.

Тюрингия қылмыстық полиция басқармасының мәліметінше, тінту кезінде құжаттар, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар мен люкс санатындағы автокөліктер тәркіленді.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер кемінде 120 млн еуроны жылыстатуы мүмкін қылмыстық ұйымның мүшелері болған.

Алаяқтық схеманы іске асыру үшін Германияда кемінде 22 жалған компания құрылған деген болжам бар. Олар іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін шот-фактуралар рәсімдеген.

Бұдан бөлек, іс фигуранттарына кемінде 18,9 млн еуро көлемінде салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отыр.

Бұған дейін Қытайдың трансшекаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң қабылдағаны белгілі болды. Құжат трансшекаралық жемқорлықтың алдын алуға және оған қатысты жауапкершілікті күшейтуге, халықаралық антикоррупциялық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ Қытайдың егемендігін, қауіпсіздігі мен даму мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар заң жаһандық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әділ әрі тең құқықты басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал етпек.