Еуропаның оңтүстік бөлігінде аптап ыстықтан орман өрті өршіп тұр

Фото: euronews

АСТАНА. KAZINFORM – Франция, Испания, Греция және Түркияда ауа температурасы рекордтық 42 градустан жоғары көтеріліп, соның салдарынан орман өрттері өршіді, деп хабарлайды Euronews.

Өрт сөндірушілер аптап ыстық салдарынан Оңтүстік Еуропада болып жатқан орман өрттерімен күресіп жатыр.

Францияда сенбі күні 1400-ге жуық өрт сөндіруші соңғы онжылдықтағы ірі өрттің өршуінің алдын алу үшін оңтүстік Од департаментіне жұмылдырылды. Соған қарамастан жергілікті тұрғындардың үйлеріне баруына рұқсат берілді.

Өңірдің префекті Кристиан Пуже шарап өндірісімен танымал аймақта 160 шаршы километр жерді өрт шалғаннан кейін өрттің ауыздықталғанын мәлімдеді.

- Жолдардың барлығы ашық, алайда билік тұрғындардың орманға баруына қатаң тыйым салды, - деді Пуже сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.

- Өртпен күрес жалғасып жатыр. Өрт сөндірушілер өрттің қайта өршуінің алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр, - деді ол.

- Бір адам мерт болып, 25 адам жарақат алды. Олардың ішінде 16 өрт сөндіруші бар, - деп қосты Пуже.

Жақын күндері болатын жоғары ауа температурасы жұмысты қиындатуы мүмкін.

- Өрт бірнеше аптада толық сөнбейді,-деді Од өрт сөндірушілер департаментінің директоры, полковник Кристоф Маньи. Ол қазір ерекше көңіл бөлініп отырған бірнеше қауіпті аймақ туралы айтты.

Францияның ұлттық метеорологиялық агенттігі Meteo France елдің оңтүстік бөлігінде қатты ыстыққа байланысты жоғары дайындық режимін жариялады. Сенбі күні Од департаментінде ауа температурасы 39°C-қа дейін жеткен.

Испания мен Грецияда ормандар әлі өртеніп жатыр

Сенбі күні өрт сөндірушілер Испанияның орталығындағы Авила провинциясында орман өртімен күресті жалғастырды.

Өрт жұма күні басталған. Испанияның төтенше жағдайлар жөніндегі әскери бөлімшесі (UME) түні бойы жұмыс істеп, өртті бақылауға алуға және оның жолдар мен теміржол желілеріне жақындауына жол бермеуге тырысты.

Испания мен Португалияның кейбір аймақтарында ауа температурасы 39°C-қа дейін жеткен жағдайда, өрттің шығу қаупі артады.

Грекияда жұма күні түстен кейін Кератеяда (Афиныдан шамамен 40 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта) басталған ірі орман өрті шығыс және оңтүстік Аттикада түнге дейін жалғасып, тұрғын үйлерге айтарлықтай зиян келтірді және бір адамның өмірін қиды.

Түркиядағы орман өрті оқшауланды

Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі Ибрахим Юмаклидің айтуынша, елдің батысындағы Чанаккале мен Байрамычтың орталық аймақтарындағы орман өрттері негізінен бақылауға алынды.

Юмакли өрттің таралуын тоқтату үшін өрт сөндірушілер түні бойы жұмыс істегенін айтты. Ол өрттің тоқтатылғанын және зардаптарды жою жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Жұма күні Йигитлер ауылының маңында басталып, қатты желдің әсерінен орманға тараған өрт сақтық шарасы ретінде Сакакли, Ахметчели, Доганча, Зейтинли және Питирелли ауылдарының тұрғындарын эвакуациялауға себеп болды.

Жалпы 654 тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Билік өрттің шығу себептерін тергеу аясында төрт күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Осыған дейін Италияда Везувий ұлттық саябағы өртенгені туралы жаздық.