Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі барысында ведомства басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысындағы шараларға тоқтала отырып, осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету аясында министрліктің атқаратын жұмыстары негізгі үш бағытты қамтитын болады. Біріншіден - бұл еліміздің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін, өзіндік ұлттық өнерімізді Еуропаның үлкен сахналарына шығару. Біз Еуропаның талғамы биік көрермені алдында қазақ мәдениетін насихаттау үшін барлығын жасауға тиіспіз. Бұған қатысты дайындық жұмыстар да басталып кетті. Екіншіден - еліміздің төрағалығы жұмыстарын ақпараттық жағынан қамту мәселесі де маңызды болып табылады. Бұл жұмыстар Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп атқарылады. Үшіншіден - ЕҚЫҰ төрағалығына биліктің ғана емес, үкіметтік емес сектор тарапының белсенділігі, олардың шараларға атсалысулары қажет. Қазақстанда азаматтық қоғамның берік орныққандығын, билік пен үкіметтік емес сектор арасында шынайы әріптестік орнағанын еуропалық деңгейде көрсетуге тиіспіз», деді М. Құл-Мұхаммед.