Еуропарламент депутаттары Илон Маскты сөз бостандығы сыйлығына тағы да ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Еуропарламенттің екі фракциясы АҚШ-тың технологиялық магнатының кандидатурасын Сахаров сыйлығына ұсынды.  

Фото: politico

Сахаров атындағы «Ой еркіндігі» сыйлығы (Sakharov Prize for Freedom of Thought) — 1988 жылы Еуропарламент кеңестік физик және құқық қорғаушы Андрей Сахаровтың құрметіне тағайындаған адам құқықтары жөніндегі сыйлық.

Сыртқы істер комитетінің отырысы барысында Еуропарламенттің екі фракциясы жоғарыда аталған сыйлыққа И.Маскты ұсынды.

Француздық Еуропарламент мүшесі Тьерри Мариани Илон Маскты сөз бостандығы үшін күрестің «символы» деп атады.

— Осы институтты қоса алғанда, жүргізілуі керек күрес — бұл сөз бостандығы үшін күрес, — деді француздық заң шығарушы.

2023 жылы «Сәйкестілік және демократия» саяси тобы америкалық кәсіпкерді Сахаров сыйлығына ұсынды. «Сәйкестілік және демократия» кәсіпкердің Twitter-дің (Маск 2022 жылы сатып алған қазіргі Х желісі) ішкі құжаттарын жариялау туралы шешімін алға тартты. Топ бұл сөз бостандығы принципін қорғаумен бірдей деп есептеді.

Бірақ ол кезде И.Маскқа бұл сыйлық берілмеді. Қалған үш ірі фракция бұл марапатқа ирандық күрд әйел Махсы Аминиді ұсынған болатын.

Сахаров сыйлығына 50 мың еуро сыйақы кіреді. Сыйлық жыл сайын сөз бостандығын, азшылық құқықтарын қорғауға, халықаралық құқықты құрметтеуге немесе демократияны ілгерілетуге елеулі үлес қосқан тұлғаларға немесе ұйымдарға беріледі.

Технологиялық магнат бірнеше рет Еурокомиссиямен, оның ішінде блоктың ішкі нарығының басшысы қызметін атқарған Тьерри Бретонмен қақтығысып қалған. Осы келіспеушіліктерге қарамастан, оңшыл заң шығарушылар Илон Маск келесі айда комитет деңгейінде дауыс беру арқылы құрастырылатын үш үміткердің қысқаша тізіміне енеді деп үміттенеді. Қысқа тізімге ену Масктың сөз бостандығы туралы көзқарасын қорғау үшін Еуропалық Парламентке шақырылатынын білдіреді. Бұл — жүлде финалистерінің дәстүрі.