Еуропарламент депутаттары Қазақстанға келді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясының төрағасы Джузи Принчи (Италия, «Еуропалық халықтық партия» тобы) бастаған делегация Қазақстанға келді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: unn.com.ua

Еуропарламент депутаттары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы парламенттік ынтымақтастық жөніндегі комитеттің 23-отырысына қатысты. Сонымен қатар делегация мүшелері аймақтың дамуымен және Қазақстанның батыстағы көлік қақпасы саналатын Ақтау қаласының теңіз инфрақұрылымымен танысу үшін қалаға баруды жоспарлап отыр.

Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегация (DCAS) ресми отырыстармен қатар үкімет, парламент, азаматтық қоғам және бизнес өкілдерімен кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған.

Қазақстанға аттанар алдында Kazinform тілшісі Еуропарламент депутаттарынан алдағы сапарға қатысты пікір білдіруді сұрады.

Словакиялық депутат Катерина Рот Неведалова Қазақстанға қайта келіп, қазақстандық парламенттегі әріптестерімен кездесуге мүмкіндік туғанына қуанышты екенін айтты.

Фото: Арнұр Рахымбеков / Kazinform

— Біз Ақтау қаласына барып, ондағы жобалармен тікелей танысамыз. Каспий теңізінің жағасындағы бұл қаланың қалай дамып жатқанын, көлік жобалары мен басқа да нысандардың жұмысын өз көзімізбен көру біз үшін өте маңызды, — деді Катарина Рот Неведалова.

Оның айтуынша, сапар аясында қазақстандық студенттермен де кездесу жоспарланған.

— Олармен әңгімелесіп, Еуропалық одақ пен біздің жобалар туралы қысқаша айтып бергіміз келеді. Сондай-ақ студенттердің Erasmus бағдарламасына қатысу тәжірибесін және Қазақстанның жас ұрпағына қалай көмектесе алатынымызды білу бізге қызық. Сондықтан осы аптада көптеген кездесу мен пікірталас жоспарланған. Қазақстанға келетінімізге қуаныштымыз, — деді депутат.

Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты Виржини Жорон соңғы екі жарым жылда әріптестерімен бірге Қазақстанға екінші рет келіп отырғанын айтты. Сапар барысында түрлі мәселелер талқыланбақ.

Фото: europarl.europa.eu

— Біздің делегация құрамында 11 депутат бар. Бұл — ауқымды делегация. Оның ішінде әріптесім Тьерри Мариани де бар. Біз Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды, әсіресе шикізат өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықты талқылауды жоспарлап отырмыз. Еуропалық одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі. Біз екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытқымыз келеді, — деді Виржини Жорон.

Оның сөзінше, кездесулердің күн тәртібіне климаттың өзгеруі, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, сондай-ақ көлік саласындағы ынтымақтастық пен елдер арасындағы өзара байланыстарды дамыту мәселелері де енгізілген.

Бұдан бұрын Еуропарламентте Қазақстанның реформалары мен ЕО-мен серіктестігі талқыланды.