Еуропарламент Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын қабылдамады
АСТАНА. KAZINFORM – Страсбург қаласында Еуропалық Парламенттің көшпелі отырысы болып, Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік білдіру бойынша дауыс беру өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жиынның бастамашысы румыниялық еуродепутат Георге Пипера болды. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде вакциналарды сатып алу жағдайына байланысты Еурокомиссияны отставкаға жіберуге шақыратын ұсыныс дайындады.
Жағдай «Пфайзергейт» деп аталды. Бұл – Еуропалық комиссияның «Pfizer»компаниясы шығарған COVID -19 вакциналарын сатып алуына байланысты жанжал. 2021 жылдың сәуірінде У.Ляйен ЕО-да Pfizer вакцинасының 1,8 миллиард дозасына дейін жеткізу туралы келісім «Pfizer» бас директоры Альберт Бурламен SMS және қоңыраулар арқылы келісілгенін хабарлады.
Журналистер, соның ішінде The New York Times газеті бұл хабарламаларды сұраған кезде, Еурокомиссия «мұндай құжаттар жоқ» немесе «олар жойылды» деп, беруден бас тартты.
Қазір Еуропарламенттің әсіре оңшыл өкілі Г.Пипера Еурокомиссияны вакцина бойынша келіссөздерде ашықтық жоқ деп сынап жатыр. Ол сенімсіздік вотумын бастауға қол жеткізді.
Бейсенбі күні дауыс беруге 720 депутаттың 553-і қатысты. 360 Еуропарламент депутаты сенімсіздік вотумына қарсы болса, 175-і Еуропалық комиссияны таратуды қолдап, 18-і қалыс қалды. У.Ляйенді орнынан алу үшін 360 дауыс қажет болған. Осылайша, Еурокомиссия төрағасы өз міндетін атқара береді.
Дауыс беруден кейін У.Ляйен әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол жаһандық тұрақсыздық пен болжауға болмайтын кезеңде ЕО-ға күш, көзқарас пен қабілет қажет екенін атап өтті.
– Әрқайсысымыз ортақ міндеттерімізді орындауымыз керек. Бірге. Сыртқы күштер бізді тұрақсыздандыруға, жікке бөлуге тырысқандықтан, құндылықтарымызға сай жауап беру – біздің міндетіміз. Рақмет, - деді У.Ляйен.
Бұған дейін, 8 сәуірде Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен бір топ оңшыл Еуропарламент депутаты оған сенімсіздік вотумын ұсынғаннан кейін өзін қорғады.
Айта кетейік, сот Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенді COVID-19 пандемиясы кезінде Pfizer компаниясының бас директорымен вакцина сатып алуға қатысты алмасқан хаттарын жария етуге міндеттеді.
Сәрсенбі күні Еуропалық одақ соты У.Ляйенге қатысты іс бойынша резонансты шешім шығарды.
Осылайша, Еуропалық одақтың сот органы Еурокомиссия басшысы мен Pfizer фармацевтикалық компаниясының бас директоры Альберт Бурла арасындағы хат алмасуды ашу шешімін жойды.
Румыниялық депутат Георге Пипера Ерокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын қарау бастамасын көтерді.