Жаңа регламент көліктің барлық түрін – әуе, теміржол, автобус және су көлігін қамтиды. Ол жыл сайын шамамен 13 млрд сапарға қатысты қолданылады.
Негізгі ережелердің бірі туристік агенттіктер мен онлайн-платформалар арқылы сатып алынған билеттерге қатысты. Рейс тоқтатылған жағдайда жолаушы билеттің толық құнын, соның ішінде делдалдың комиссиясын да 14 күн ішінде қайтарып алуға құқылы.
Әуе компаниясы ақшаны делдалға ең көбі жеті күн ішінде аударуға міндетті. Одан кейін агенттік қаражатты тағы жеті күн ішінде жолаушыға қайтаруы керек. Сондай-ақ делдалдар клиенттерге ақшаны қайтару тәртібі туралы алдын ала ақпарат беруге міндеттеледі.
Жаңа ережелер мүгедектігі бар және қозғалысы шектеулі жолаушылардың құқықтарын да күшейтеді. Егер мұндай жолаушыға бірге жүретін адамның көмегі қажет болса, ол адам тегін ұша алады. Бұл – пойыздарда, автобустарда және паромдарда қолданыстағы нормаларға ұқсас тәртіп.
Сонымен қатар ақшаны қайтару және өтемақы алу үшін Еуропа бойынша бірыңғай өтініш нысаны енгізіледі. Ол Еуропалық комиссияның сайтында Еуропалық одақтың барлық тілінде және көліктің барлық түрі бойынша қолжетімді болады.
Ұлттық бақылаушы органдардың өкілеттігі де кеңейтіледі. Енді олар тасымалдаушыларға қатысты тек жолаушылардың шағымдары негізінде ғана емес, өз бастамасымен де тексеру жүргізе алады.
Регламент бойынша баяндамашы, Италия депутаты Маттео Риччи жаңа ережелерге қатысты пікір білдірді.
– Біз азаматтарымыздың құқықтарын әуе компанияларының пайдасынан жоғары қоямыз. Делдалдар арқылы билет сатып алған жолаушылар өз құқықтарын сақтайды, ал қозғалысы шектеулі адамдарға көрсетілетін қолдау жақсарады, – деді ол.
Құжат күшіне енуі үшін Еуропалық одақ Кеңесінің ресми мақұлдауынан өтуі керек. Осыдан кейін ол ЕО-ның ресми журналында жарияланады.
Жаңа ережелер 2027 жылғы 23 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл әуе жолаушыларының құқықтарын жаңартуға бағытталған жеке өзгерістермен бір мезгілде жүзеге асады.
Еске салайық, бұған дейін Еуропарламент әуе жолаушыларының құқықтарын кеңейтетін жаңа ережелерді мақұлдады. Енді отбасылар ұшақта қатар орналасқан орындарды тегін таңдай алады, ал рейс кешіккен жағдайда өтемақы төлеу тәртібі сақталады.
Сондай-ақ Еуропа парламентінің отырыстарына қатысатын депутаттар азайып бара жатқанын жаздық.