Еуропарламентте Қазақстанның реформалары мен ЕО-мен серіктестігі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін «Патриоттар Еуропа үшін» фракциясы Еуропарламентте Қазақстандағы саяси процестерге арналған конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық серіктестікке арналған іс-шара еуродепутаттардың үлкен қызығушылығын тудырды. Іс-шараға Орталық Азия елдері және Моңғолия делегациясының (DCAS) мүшелерін қоса алғанда Еуропалық парламенттің үш фракциясының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы Роман Василенко қатысты.

«Дипломатиялық әлем» (Бельгия) басылымының бас редакторы Альберто Туркстра пікірталасты аша отырып, Қазақстанда болып жатқан ішкі саяси процестердің, соның ішінде Еуропалық Одақтың көзқарасы мен мүдделері тұрғысынан өзектілігін атап өтті.

«Патриоттар Еуропа үшін» тобының жетекші мүшесі Тьерри Мариани (Франция) Орталық Азия аймағының ЕО үшін маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті.

- Астана өз қарқынымен біртіндеп, егеменді жаңғырту жолын таңдап отыр. Біз дәл осы прагматизмді түсінуіміз және оны ешбір жағдайда өзіміздің алдын ала түсініктерімізбен алмастырмауымыз керек. Бұл конференция – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынасты толықтай және екі тараптың да аңқаулығына бой алдырмай қарастыруға тамаша мүмкіндік, - деп атап өтті еуродепутат.

Орталық Азия бойынша делегация мүшесі Жорон Вирджини Қазақстандағы конституциялық реформалар Еуропалық парламент аясында қызығушылық тудырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, біздің елімізде демократиялық институттар нығаюының белсенді процесі жүріп жатыр.

Бұдан басқа, мұндай іс-шаралар Қазақстан және ЕО-ның қазіргі геосаяси мәселелер бойынша көзқарасы туралы пікір алмасу үшін пайдалы.