Еуростандарт бойынша қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік кешен жарыққа шықты
«Бұл оқыту кешені еуропалық стандарт бойынша жасалған. Адамның мейлінше ауқымды сөз қорын қалыптастыруға бағытталған әдістеме жүйесі ең негізгі, ең қажетті деген сөздерді қамтып, бірнеше деңгейге бөлініп оқытылуымен де жақсы. Бұл әдістеменің өзіндік ерекшелігі - оның үш тілді сөздік, кітаптары да үш тілде берілген», дейді жоба туралы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мәриәм Қондыбаева.
Кешен ішінде 5 кітаптан тұрады және әр кешенде оқулық, мұғалімге арналған әдістемелік құрал, оқушыға арналған дәптер және СD диск берілген. Жоба авторы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ираида Құбаева.
Жоба жетекшісі және «Абырой» қорының директоры Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, «Қазақ тілі», «Kazakh language. Made easy» әдістемесі мемлекеттік тілді орыс және ағылшын тілдері арқылы оқып меңгеруге мүмкіндік береді. Ол балаларға, сонымен қатар ересек адамдарға да арналған. Әзірше оқулықтар 1 мың дана көлемінде басылып шықты. Алда аталған оқулық Білім және ғылым министрлігіне ұсынылатын болады.