ЕҰУ Президент Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдайды

АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ректор Б.Әбдірайымның бастамасымен референдумға қатысты алқалы жиын өтті.

Басқосуда Президентіміздің жасап жатқан игі істері мен Қазақстандағы тыныштық пен бейбітшілік, өзге ұлт өкілдерімен қазақ халқының достық қарым-қатынасы, білім мен ғылым саласының дамуына көрсетіп жатқан ерекше қолдауы әңгіме өзегіне айналды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі..

Ең бастысы, Н.Назарбаевтың халықаралық аренадағы орны мен беделі, ел басқарудағы көшбасшылығын ректор Б.Әбдірайым ерекше атап өтті. ЕҰУ-дың оқытушы-профессорлары, докторанттары мен магистранттары Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдайтындықтарын білдірді, нәтижесінде белсенді жұмыс топтары әрбір факультеттерде құрылып, аталған бастаманы қолдау жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті - Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мақсатында құрылған Қазақстандағы ең үздік іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Оқу орнының әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарынан көрініп, халықаралық дәрежеде, сондай-ақ отандық ғылым мен білімді дамытуда жеткен жетістіктерін ЕҰУ ұжымы сөзсіз Елбасының сарабдал саясатымен байланыстырады. Сондықтан, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы мен оқытушы-профессорлары және студенттер құрамы Президент Н.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды бір ауыздан қолдайды.