ЕҰУ профессорлары спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түсті

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада «Еуразия» спорт кешенінде «Сергектік пен денсаулық» атты спартакиада басталды.

Жарыс үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, шаңғы жарысы, волейбол, шағын футбол, бильярд, арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, спорттық балық аулау сынды спорттың 12 түрі бойынша өтті. Оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен университет қызметкерлері қатысуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай деңгейдегі шараларды өткізу университет үшін дәстүрге айналған. ЖОО аймағында 20 спорт түрі бойынша секциялар жұмыс жасауда. Жыл сайын студенттер мен ұстаздар арасында спартакиадалар ұйымдастырылады. Ал студенттерге спортпен еркін шұғылданып, халықаралық жарыстарға шығу мүмкіндігі жасалған. Есте болса, 14-17 қараша аралығында Латвияда өткен гір көтеруден әлем чемпионатында Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 4 курс студенті Азат Тұрсын ІІ орынды иеленіп, күміс жүлдені қанжығасына байлап қайтқан еді.

«Сергектік пен денсаулық» атты спартакиада 30 қаңтарға дейін жалғасады.