Жиын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Онда мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәслихат депуттары Елбасының саяси және шығармашылық жолы туралы ой-пікірлер айтып, жастардың қоғамдағы орны мен болашағын талқылады.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырған тұлға. Елбасы негізін қалаған ішкі және сыртқы саясат нәтижесінде жас мемлекетіміздің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты артты. Нұрсұлтан Әбішұлының саяси ерік-жігерінің арқасында елордамыз сонау Алматыдан Арқаға көшірілді. Бүгінде бас қаламыз тек сәулетімен ғана емес, дәулетімен де танылды. Астанамыздың дүниежүзіне танылуына Елбасының қосқан үлесі зор. Елбасын елордамыздың архитекторы деп айтамыз. Оның бастамаларының нәтижесінде елордамыздың ірі халықаралық саяси-экономикалық, спорттық, рухани шаралардың орталығы болды. Сондай-ақ, әлемдік татулық пен бірлікті насихаттайтын қалаға айналды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен «Елбасы және ел мұраты: тұрақтылық, жасампаздық, сабақтастық» ғылыми-практикалық конференциясында.
Оның айтуынша, ОБСЕ саммиті, Азиада, ЭКСПО-2017 секілді ірі халықаралық шаралар елордамен бірге, еліміздің деңгейін көтерді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымына кіріскенде елорданы тәуелсіздік пен Елбасы еңбегінің жемісі деп атап, бас қалаға Нұр-Сұлтан атауын беруді ұсынды. Президенттің бұл шешімін халық қолдады. Тұңғыш Президент күнін атап өту – мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне көрсетілген құрмет», - дейді Б. Мәкен.
Өз кезегінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов аталған оқу ордасының негізін Елбасы қалағанын атап өтті.
«Міне, осы залымыз «ҚР Тұңғыш Президенті аудиториясы» деп аталады. Залдың кіреберіс қабырғасына кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы өзі ертіп әкеліп, дәріс оқытқан әлемдік саяси көшбасшылардың аты-жөні жазылған. Бүгін төрде отырған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бәрі – Елбасының саяси үзеңгілестері. Осынша тұлғаның біздің университетте қызмет етуі – біз үшін ғана емес, жаңа тарих үшін зор мақтаныш! Тәуелсіздігіміздің 28 жылындағы тұрақтылық пен жасампаздық, сабақтастық пен серпін – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайталанбас әрі тарихи миссиясы, Отан алдындағы абыройлы қызметі», - деді Ерлан Сыдықов.
Еске сала кетсек, 2011 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеген еді.