Волонтерлердің жұмысы туралы Атырау облысының еріктілер фронт офисінің басшысы Ақбөбек Тәттібекқызы айтып берді.
Оның сөзінше, волонтерлер суға кеткен аудан тұрғындарын Атырау қаласына эвакуциялауға, бөгеттерді бекіту жұмыстары мен гуманитарлық көмек ретінде келген тауарлар мен заттарды сұрыптау секілді бірнеше қызметті атқарып жатыр.
«Қазір волонтерлер бірнеше бағытта кезекшілікпен жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлердің қолдауымен түскі ас, көмек қажет жерге жөнелту үшін автобустар бөлінді. Атырауда төтенше жағдай жарияланғалы бері 10 000-ға жуық волонтер қызметте жүр. Сонымен қатар басқа өңірлердегі волонтерлер де бізге көмек көрсетуде», - деді Ақбөбек Тәттібекқызы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін су тасқынының алдын алу мен салдарын жоюға Ақтөбе облысына 8,5 мыңнан астам волонтердің тартылғаны туралы хабарлаған едік.