АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы Евгений Кошкин конькимен жүгіруден Леуварденде (Нидерланд) Zilveren Bal турнирінде алтын медаль жеңіп алды.
Әлемдегі үздік спринтерлер арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыста Е.Кошкин 100 метр қашықтықта алдына жан салмады.
Польша өкілі Марек Кания мәре сызығын екінші болып қиса, америкалық Джордан Штольц үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Евгений Кошкин қазақстандықтар арасында Zilveren Bal додасында алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. Бұдан бұрын мұнда Нидерланд, Канада, Жапония, Ресей және Норвегия спортшылары озық шыққан еді.
Өткен жылы Е.Кошкин Леуварденде күміс медальға ие болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорттрекші Денис Никишаның әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).