Болгария әнші Дараның «Bangaranga» атты керемет хитімен «Евровидение» ән байқауының 70-сайысында жеңіске жетті.
Сенбі күні Аустрия астанасы Венада өткен үлкен финалда Дара 24 қарсыласын басып озды. Әннің жұқпалы ырғағы мен ұсақ-түйегіне дейін пысықталған хореографиясы теле көрермендер мен ұлттық қазылар алқасына да қатты әсер етті.
Бұл – Болгарияның «Евровидение» тарихындағы алғашқы жеңісі. Өз елінде Дара бұрыннан танымал және «Голос. Болгария» шоуында тәлімгер ретінде өнер көрсетіп жүр, алайда ол басты фавориттердің қатарында саналмаған еді.
Көрермендер дауыс беруінің қорытындысы жарияланғанға дейін жеңісті Израиль өкілі Ноам Беттан иеленетіндей көрінген.
Себебі Беттанның өнеріне көрермендер ерекше шапалақ ұрған еді. Дегенмен ол иврит, француз және ағылшын тілдерінде «Michelle» рок-балладасын орындаған кезде залдан жекелеген наразылық дауыстары да естілді.
Румыния өкілі Александра Кэпытэнеску арандатушылық атауға ие «Choke Me» рок-композициясымен үшінші орынды иеленді. Аустралиялық жұлдыз Дельта Гудрем мінсіз құрылған орташа темптегі «Eclipse» балладасымен төртінші орын алды, ал италиялық әнші Сал Да Винчи «Per Sempre Sì» әнімен үздік бестікті түйіндеді.
Букмекерлер басты фавориттердің бірі санаған финдік дуэт – поп-орындаушы Пете Паркконен мен классикалық скрипкашы Линда Лампениус ақырында тек алтыншы орынмен шектелді.
«Евровидение» байқауының тарихшысы Дин Вулетич байқау жиі тосынсый сыйлайтынын атап өтті.
– «Евровидение» ешқашан нағыз супержұлдыздардың жарысы болған емес. Бұл көбірек аутсайдерлер байқауы, – дейді Вулетич. – Адамдарға сахнадан аутсайдерді көру ұнайды. Оларға енді ғана жұлдызға айналып келе жатқан әртісті немесе шағын әрі кедейлеу елден шыққан орындаушыны бақылау қызық.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Евровидение» финалына қандай елдер жолдама алғанын жаздық.