Байқауға 15 ел қатысты: Бельгия, Грекия, Грузия, Израиль, Литва, Молдова, Польша, Португалия, Сан-Марино, Сербия, Финляндия, Хорватия, Черногория, Швеция және Эстония.
Финалға келесі елдер өтті:
• Бельгия;
* Грекия;
* Израиль;
* Литва;
• Молдова;
• Польша;
• Сербия;
• Финляндия;
• Хорватия;
• Швеция.
Финалға қатысушылар қоғамдық дауыс беру және қазылар алқасының бағалауы негізінде таңдалды.
2025 жылы дауыс беру кезіндегі сын мен заңсыздықтарға қатысты айыптаулардан кейін биыл процедура өзгертілді.
Өзгерістер арасында – рұқсат етілген дауыстар санын 20-дан 10-ға дейін азайту, сондай-ақ банк картасындағы мәліметті пайдаланып, онлайн дауыс беруді міндетті түрде растау.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл дауыстың шынайылығын және олардың шығу тегін тексеруге мүмкіндік береді.
Израильдің қатысуына қарсы шығу
BBC жазуынша, алдыңғы бірнеше байқауларда сияқты Газа секторындағы соғысқа байланысты Израильдің «Евровидение» ән байқауына қатысуына қарсы наразылықтар биыл да өтіп жатыр. 28 жастағы Беттанның өнер көрсетуі кезінде кейбір көрермендер ысқырып, Израильге қарсы ұрандар айқайлай бастады. Осы арада басқалары оның атын атап, қолдау білдірген.
Екінші жартылай финалға қатысушылар
Байқаудың қалған он финалисі 14 мамыр кешінде өтетін екінші жартылай финалдан кейін белгілі болады.
Екінші жартылай финалға Аустралия, Әзербайжан, Албания, Армения, Болгария, Дания, Кипр, Латвия, Люксембург, Мальта, Норвегия, Румыния, Украина, Чехия және Швейцария қатысады.
Бұл ретте бірнеше ел дәстүрлі түрде финалға тікелей жолдама алады: бұл Еуропалық хабар тарату одағының ең ірі қаржылық серіктестері Ұлыбритания, Германия, Италия және Франция. Алдыңғы байқаудың жеңімпазы да автоматты түрде финалға жолдама алады. Биыл бұл құқыққа Аустрия ие болды.
Осылайша 16 мамырдағы финалда бас жүлде үшін 25 елден келген қатысушылар бақ сынайды.
Осыған дейін «Евровидение» дауыс беру тәртібін өзгерткенін хабарладық.