«Евровидение — 2026»: Венада байқаудың ашылу салтанаты өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Венада «Евровидение — 2026» байқауының ашылу салтанаты өтті. Сайысқа қатысушыларды мыңдаған көрермен қарсы алды, деп хабарлайды DW.

Фото: DW

«Евровидение-2026» қатысушылары Бургтеатрдан Австрия астанасының мэриясына дейін төселген 170 метрлік көкшіл кілеммен жүріп өтті. Әншілерді Вена мэрі Михаэль Людвиг пен байқау ұйымдастырушылары қарсы алды.

Биылғы «Евровидениеге» дайындық барысы байқау тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірі болды. Бес ел — Нидерланды, Ирландия, Исландия, Испания және Словенияның телекомпаниялары Израильдің қатысуына байланысты байқауға бойкот жариялады.

Аталған елдің әншісінің қатысуына қатысты бір күн бұрын аздаған тұрғындар тарапынан наразылық болған. Алайда 30 мыңға жуық адам сыятын мэрияның алаңына Израиль өкілі Ноам Беттан шыққан кезде ешқандай наразылық танытқан дауыстар естілмеді. 

Венадағы Израиль делегациясын қорғау үшін арнайы қауіпсіздік шаралары қабылданған. Австрия билігінің мәліметінше, олар ықтимал шабуылдардың алдын алу үшін АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросымен ынтымақтасты.

Финалға бір апта қалғанда фин дуэті — скрипкашы Линда Лампениус пен әнші Пит Парконен жарыста жеңіске жетіп, ақтық мәреге мүмкіндік алған. Олардың негізгі бәсекелестері гректің Акилос, Дэйн Сорен Торпегаар Лунн, Францияның Монро және австралиялық Дельта Гудремі болды. Украина атынан шыққан ЛЕЛЕКА да үздік ондыққа кіруге ұмытылып жатыр. Ал әнші Сара Энгельс байқауда Германия атынан қатысады.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Еуропалық хабар тарату одағы «Евровидение» ән байқауына Израильдің қатысуына рұқсат берген болатын.