«Евровидение» конкурсының қазылар алқасына Филипп Киркоров төрағалық етеді

МӘСКЕУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат - Мәскеуде өтетін «Евровидение» конкурсының қазылар алқасына танымал әнші Филипп Киркоров төрағалық ететін болды.

Бұл туралы кеше әншінің өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Utro.ru сайтына сілтеме жасап. Осыдан жарты жыл бұрын конкурстың ережесі өзгерген болатын, енді байқауға көрермендермен қоса, кәсіпқойлар да баға береді. Өнер көрсетушілердің нақты бағалары телекөрермендер мен қазылар алқасының пікірлері негізінде қойылады. Конкурстың ұйымдастырушылары көрші мемлекеттердің әртістері үшін дауыс беру тәжірибесін теңестіру туралы шешім қабылдап отыр. Ол үшін әр мемлекеттің атынан құрылған арнаулы комиссия да, телекөрермендермен бірге дауыс береді. Мәскеудегі «Олимпийский» стадионында басталған «Евровидениенің» дайындығы мамырдың 10-ына дейін жалғасады. Ал мамырдың 10-ында «Манежде» конкурстың ресми ашылу рәсімі өтпек.