«EXPO 2017 Football Cup» турнирі қарсаңында Кристиан Пануччи Албания құрамасының бас бапкері болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италия құрамасының бұрынғы қорғаушысы Кристиан Пануччи Албания ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Бұл жайында Албанияның футбол федерациясы Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пануччи кезінде Италияның «Милан», «Интер», «Рома», «Дженоа», Испанияның «Реал», Ұлыбританияның «Челси», Францияның «Монако» командаларының сапында өнер көрсеткен. Сонымен қатар ол Италия ұлттық құрамасының сапында 57 ойын өткізіп, 4 гол соққан.

Естеріңізге сала кетсек, Пануччи 5 тамыз күні елорданың «Астана Арена» стадионында әлемдік футболдың аты аңызға айналған жұлдыздарымен бірге ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турниріне қатысады. Форматы бойынша аталған турнир «Аңыздар кубогына» ұқсас, оған құрамына 5 алаң ойыншысы және 1 қақпашы (6х6) кіретін команда қатысады. Елордалық стадионда Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. Кевин Кураньи, Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Яри Литманен, Эрнан Креспо, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов және тағы басқалары өз ойынымен жанкүйерлерін қуанышқа бөлемек.

Қазақстанның намысын Олег Воскобойников, Игорь Авдеев, Андрей Карпович, Қайрат Әубәкіров, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұмасқалиев және Андрей Финонченко кіретін отандық футбол ардагерлері қорғайды.