EXPO қалашығының негізгі құрылыс жұмыстары мамыр айында басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана EXPO-2017» көрме кешенінің негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2014 жылдың мамырынан 2016 жылдың желтоқсан айына дейін жүргізу жоспарланған, деп хабарлады

«Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен. Кешеннің шеберлік-жоспары «Альберт Шпир» неміс компаниясымен бірлесіп дайындалып, Қазақстан Президентінің қолдауына ие болды.

«Кешеннің көрме аймағына Қазақстанның ұлттық павильоны, тақырыптық және корпоративті павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналастырылады. Көрмеден тыс аймақта конференц-орталық, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақүйлер болады» делінген хабарламада.

Көрме кешенінің нысандарына ақпараттық және коммуникациялық желілер мен технологияларды пайдаланатын электрмен жабдықтаудың жаңғыртылған жүйесін енгізу көзделген. Бұл тиімділікті, сенімділік пен экономикалық пайданы арттырып, өндіріс тұрақтылығы мен баламалы энергия көзін және қалалық электр желілерінен электр энергиясын таратуды қамтамасыз етеді.

Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес, Астанадағы EXPO-2017 көрмесі үш айға созылады - 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін өтеді. Шараға 100-ден астам мемлекет қатысады деп көзделген. Көрмеге кіру саны бес миллионға жуықтап, келушілердің қатары екі миллионнан асады деп күтілуде.