Қазақстандық павильонның ұлттық күнінің ресми ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалауын көтеруден басталды. Алғысөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қытайдың Коммерция министрінің көмекшісі Цю Хун мырза (министрдің орынбасары деңгейіндегі) бастап келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі өкілдеріне Қазақстан Үкіметінің атынан алғыс білдірді.
А.Күрішбаевтың айтуынша, бүгінде Шанхай әлемдік көрме индустриясының орталығына айналып отыр, мұнда өтіп жатқан «Expo Shanghai-2010» көрмесіне әлем елдері мен халықаралық ұйымдардың рекордтық саны жиналуда. Қазақстан дүниежүзілік көрмеге 2000 жылдан бері қатысып келеді.
«Бүгінде, сыртқы әлемге бағытталған ашық саясатының арқасында Қазақстан жаһандық экономикаға табысты ықпалдасып келеді. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, Қазақстан инвестиция үшін тартымды әлемнің 20 елінің қатарына кіріп отыр», -деп атап көрсетті министр өз сөзінде.
Түстен кейін Қазақстан павильонының көрмелерімен танысу шаралары өтеді. Қазақстан павильонының ұлттық күнінің мерекелік шаралары гала-концертпен аяқталады.