ЭЫДҰ Қазақстанға арналған елдік бағдарлама әзірледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанға арналған елдік бағдарлама әзірледі. Бұл туралы бүгін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Бүгінгі кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Республикасы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастықтың елдік бағдарламасы жобасын талқылау болып табылады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, елдік бағдарлама ЭЫДҰ-ның ұйымның құрамына кірмейтін елдермен өзара іс қимылдарының жаңа құралы болып табылады. Ағымдағы жыл бұл бағдарлама алғаш рет әрі төрт мемлекетке ғана дайындалып отыр.

«Қазіргі уақытта Елдік бағдарлама жобасы мемлекеттік басқару, фискалды саясат, бәсекеге қабілеттілік, іскерлік ахуалды жақсарту және тұрақты даму сынды салалардағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды болжайды. Бұл тізім кеңейтіле түсуі мүмкін», - деді министр.

Е.Досаевтың айтуынша, бағдарламаның нақты мазмұны жыл соңына дейін келісіліп, қол қойылатын болады.