ЭЫДҰ мен Қазақстан ықпалдастығының тәжірибесі барша Орталық Азия елдеріне таратылатын болады - А.Гурриа

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстан ықпалдастығының мемлекеттік бағдарламасы барша Орталық Азия елдеріне таратылатын болады. Бұл туралы Астана экономикалық форумында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Анхель Гурриа мәлім етті.

«Биыл Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және біз Қазақстан бойынша мемлекеттік бағдарламаны қабылдаған болатынбыз. Оның ішінде біздің байланыстарды нығайтатын тараптар арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Оның мақсаты белсенді әрі тұрақты дамуды одан әрі күшейту. Қазақстан мен ЭЫДҰ арасында жасалған бағдарлама ұйымға мүше елдердің нарықтық экономикаға жылдам өтудегі Қазақстан тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанмен жасалған аталмыш бағдарламаның тиімділігі барлық Орталық Азия елдеріне таратылатын болады. Сонымен қатар ұйым өңірдің саяси мәселелерін шешу үшін Қазақстанмен тығыз байланыс орнатуды көздеп отыр.

VIII Астана экономикалық форумында 90 елден делегат қатысуда. Олардың қатарында танымал саяси қайраткерлер, трансұлттық компания басшылары мен ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары бар.