«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында (ЕДЫҰ) мемлекеттік қызмет саласындағы Астана аймақтық хабының басқарушы комитетінің басшысы Әлихан Байменов пен ЕДЫҰ мемлекеттік басқару және аймақтық даму бойынша директоры Рольф Альтер арасында кездесу өтті», - делінген баспасөз хабарламасында.
Кездесу барысында Рольф Альтер мемлекеттік қызмет саласындағы Астана аймақтық хабымен арадағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті және хаб арқылы ЕДЫҰ-ның осы саладағы стандарттары мен принциптерін тарату бойынша бірлескен шараларды өткізуге дайын екендіктерін мәлім етті.
Ол сонымен қатар Хабтың зерттеу қызметін жоғары бағалады.
Әлихан Байменов өз кезегінде, аймақтық хабқа мүше елдердің мемлекеттік басқаруына ЕДЫҰ-ның қосқан үлесін жоғары бағалады.
Сапар барысында Ә. Байменов, бұдан бөлек ЕДЫҰ Тиімді институттар платформасы хатшылығының (EIP) басшысы Лиза Уильямспен жүздесті. Уильямс хабқа мүше мемлекеттердің арасында тәжірибе алмасу жобаларын асқан шеберліктің үлгісі деп таныды және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Хабтың тәжірибелі мамандарының Альянсы жөнінде сөз қозғады. EIP басшысы, сонымен бірге, Альянс жұмысының моделін ары қарай таратуға және осыған ұқсас этика, мемлекеттік сатып алу және транспаренттілік мәселелері бойынша Альянс құруды ұсынды. Онымен қоса, ол Хаб өкілін EIP кеңесінің мүшелігіне делегат ету жөнінде ұсыныс білдірді.