«Мемлекеттік басқару академиясы мен ЭЫДҰ бірлесіп, семинар өткізуде. Шара мемлекеттік органдардың қызметіне бағдарланған алдыңғы қатарлы тәжірибелер мен саясат мәселелеріне арналған. Бұл семинар еліміздің мемлекеттік органдарының ЭЫДҰ-ның қолданыстағы стандарттары мен ұстанымдарына икемделуіне мүмкіндік береді», - деді академияның вице-ректоры Шолпан Есімова.
Семинар барысында мемлекеттік саясат саласындағы тәуекелді талдау, бағалау және басқару бойынша озық практика мен тәжірибе қарастырылуда. Аталған іс-шараға ЭЫДҰ Хатшылығының өкілдері, ЭЫДҰ-ға мүше елдер үкіметтерінің, атап айтқанда Канада, Италия, Франция, Түркия, Германия, Нидерланды, Чилидің жетекші сарапшылары, орталық мемлекеттік органдар құрылымдарының басшылары, сондай-ақ Назарбаев Университеті мен Академия құрылымдарының басшылары қатысуда. Семинар барысында қатысушылар Қазақстанның ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік саясатты талдау мен бағалаудың, мемлекеттік басқарудағы тәуекел-менеджменттің негізгі аспектілерін талқылайды.