Эйфель мұнарасы бар ауыл: Амангелді ауданынан фоторепортаж

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысы Амангелді ауданында ұлттық рух пен әлемдік сәулет өнерін тоғыстырған ерекше саябақ ашылды. Бұл саябақты 140-тан астам елді аралаған саяхатшы әрі меценат жеке бастамасымен салған. Kazinform тілшісі сол жерге арнайы барып, фоторепортаж жасап қайтты. 

Бәрі неден басталды?

Бұл саябақ идеясы аяқ астынан туындаған жоқ. Оның авторы – Амангелді ауданында тұратын өмір жолы өзгеше жан. Сапар Ысқақов – жекеменшік қайырымдылық қорының директоры, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің және Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық университетінің құрметті профессоры, Украинаның Киев қаласындағы Ұлттық авиация университетінің магистрі.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Ол 146 елде болып, әр халықтың мәдениетін, сәулеті мен салт-дәстүрін зерттеген. Кіндік қаны тамған жерге оралған соң, осындай ерекше бақ салуға бел буған.

– Өз еліме, туған ауылыма оралғанда, бір ой мазалады: бізге есте қалатын, тарихты да, болашақты да қиюластыра алатын жер керек. Осылайша, он жылға жуық уақытқа созылған жұмыс басталып кетті, - дейді жоба авторы.

«Жеті керемет» пен басқа да қызықтар

Саябаққа келушілерге әсер қалдыру мақсатында автор әлемге танымал архитектуралық нысандардың шағын көшірмелерін жасаған.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Бүгінгі таңда саябаққа түрлі көлемдегі 12 архитектуралық нысан қойылған. Оның жетеуі – әлемнің ең әйгілі ескерткіштерінің кішірейтілген нұсқалары. Олардың қатарында – Бостандық мүсіні, Эйфель мұнарасы, майя тайпасының ғибадатханасы сынды танымал нысандар бар.
Үндістандағы Тәж-Махал сияқты ғимарат та салынып жатыр. Жақын арада ол да саябақтың көркіне көрік қоспа. Бір айта кетерлігі, барлық нысан жергілікті материалдардан салынған және түпнұсқаға барынша ұқсатып жасалған.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Қазіргі уақытта мұнда белсенді жұмыс істейтін төрт нысан бар: қонақүй, дәмхана, сауна және әкімшілік ғимарат. 

Саябақтың бір бөлігі жергілікті әкімдік балансына берілген. Аумақты күтіп-ұстау және санитарлық тазалық – мемлекет жауапкершілігінде.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Қаржыландыру мәселесіне келсек, саябақ негізінен меценаттың жеке қаражатына салынып жатыр. Өткен жылы ол мемлекеттен 10% көлемінде субсидия алғанымен, биыл қолдау көрсетілмеген. Жергілікті билік тарапынан көмек бар, алайда республикалық деңгейдегі қолдау әлі де жоқ.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

«Әр адам бір рет келіп көруі керек»

Сапар Ысқақов салған саябақтың арқасында шалғайдағы өңірге туристер көптеп тартылатындығы сөзсіз. Өйткені Қостанай облысының Амангелді секілді аудандарында бірегей нысандар жетерлік.

– Ауыл тұрғындары кешкісін келіп, серуендеп, демалып жүреді. Өзім оларға қарап отырып, риза боламын. «Еңбегім зая кетпепті» деген ой келеді, - дейді Сапар Ысқақов.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Саябақтағы ең ерекше нысандардың бірі – Ұлттық жад қабырғасы. Бұл нысан әлемдік рекордтар кітабына енген. Қабырға кірпіштерінің ішіне 46 түрлі елден алынған топырақ капсулалары қойылған. Бұл – бабаларымыз бір кездері табан тіреген елдердің ізі. Әр капсула – Қазақстан мен әлем арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ рухани терең байланыс жібі. Бұл мемориал туралы толығырақ алдағы уақытта жарияланатын материалдарымыздан оқи аласыздар.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Торғай геоглифтері

Сапар Ысқақовтың туристік жобасындағы тағы бір маңызды бағыт – Торғай геоглифтері. Мұндай геоглифтер Оңтүстік Америкадағы әйгілі Наска сызықтарын еске түсіреді.

– Торғай даласындағы геоглифтер – үйінділер мен қорғандар арқылы жасалған. Биіктігі 1,5-2 метрге дейін жетеді. Оларды дрон арқылы жоғарыдан анық көруге болады, - дейді саябақ авторы.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Бұл бағытты туристік маршрут ретінде дамыту жоспарланып отыр. Дрон арқылы геоглифтердің ерекшелігін көрсету көзделген. Сонымен қатар жеңіл авиация арқылы туристерге Ұлытау жақтағы балшықты және құмды тауларды көрсету ойластырылған. Бұл таулардың биіктігі 300-400 метрден аспайды.

Фото: Сапар Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Келешекке көзқарас

Сапар Ысқақовтың жобасы енді ғана кең ауқымда дамып келеді. Болашақта саябақта музей салу, қонақ үйді кеңейту,«Самұрық» құсы бейнеленетін музыкалық фонтан орнату жоспарланған.
Десе де қазірдің өзінде бұл саябақ Амангелді ауданының жаңа символына айналып үлгерді. Мұнда өткен шақ пен бүгінгі сәт сапырылысып, тарих әрбір тастан, әрбір мүсіннен «сөйлеп» тұрады.

Еске салсақ, осыған дейін Алматының символы Көктөбе телемұнарасы қалай салынғаны жайлы жазғанбыз.