Arcurial аукцион үйінің мәліметінше, сатылымға мұнараның тарихи бұрандалы баспалдағының фрагменті шығарылған.
Биіктігі шамамен 2,7 метр болатын бөлікте 14 басқыш сақталған. Сауда басталар алдында оның құны 120-150 мың еуро көлемінде бағаланған.
Алайда аты-жөні жарияланбаған француз коллекционері ең жоғары баға ұсынып, сирек артефакттың иесі атанды.
Сатылған фрагмент Эйфель мұнарасының екінші және үшінші деңгейлерін жалғап тұрған.
Дәл осы баспалдақпен 1889 жылғы дүниежүзілік көрменің алғашқы келушілері көтерілген. Сол көрме үшін инженер Гюстав Эйфель әйгілі мұнараны салған болатын.
Салмағы шамамен 1,4 тонна болатын конструкция 40 жылдан астам уақыт жеке коллекцияда сақталған.
Аукцион алдында оны Эйфель мұнарасын күтіп-баптайтын мамандар қалпына келтірген.
1983 жылы мұнараны жаңғырту кезінде екінші және үшінші қабат арасындағы баспалдақ бөлшектелген. Ол келушілер үшін қауіпті деп танылып, орнына заманауи лифтілер орнатылған.
Кейін конструкция 24 бөлікке бөлінген.
Қазір оның кейбір фрагменттері Азаттық мүсіні маңында, музейлерде, Жапониядағы жеке бақтарда және Диснейленд аумағында сақтаулы.
Айта кетейік, Эйфель мұнарасы 1889 жылғы дүниежүзілік көрме үшін салынған. Бастапқыда оны уақытша нысан ретінде бұзу жоспарланған еді. Алайда кейін мұнара Париждің басты символдарының біріне айналып, әлемдегі ең танымал туристік орындардың қатарына енді.