«Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы-Мәскеу-Алматы бағытында 1,35 млн. жолаушы және 11 мың тонна жүк тасымалдады

АЛМАТЫ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» әуекомпаниясының Ресей әуе тасымалы нарғындағы табысты қызметіне 10 жыл толды. Қазақстанның ұлттық әуетасымалдаушысы 2002 жылдың қыркүйегінде Астана мен Мәскеу арасында аптасына 3 мәрте қатынайтын әуебайланысты,

  Алматы мен Мәскеу арасында күн сайынғы әуе рейстерін  ашқан еді.  2012 жылға қарай ұшулар жиілігі Астана-Мәскеу бағытында аптасына 8 рейске дейін, ал Алматы-Мәскеу бағытында  14 рейске дейін өсті.

 Бүгінгі таңда  әуекомпания аптасына 9 бағыт бойынша 42 рейс  орындайды. Олар: Алматы - Мәскеу, Астана - Мәскеу, Алматы - Санкт-Петербор, Астана - Новосібір, Астана - Екатеринбор, Астана - Омбы, Астана - Санкт-Петербор, Алматы - Қазан және Алматы - Самара бағытында жасалады. Оның соңғы үшеуі ағымдағы  жылы  ашылды.

  Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 жыл ішінде Алматы-Мәскеу-Алматы бағытында ғана 1,35 млн. жолаушы және 11 мың тонна жүк тасымалданды. Ал Астана-Мәскеу-Астана бағытында 450 мыңға жуық адам, 2 тонна жүк тасымалданды.