«Эйр Астана» әуекомпаниясы бірінші жартыжылдықтағы нәтижелерді жариялады

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2010 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда биыл «Эйр Астана» әуекомпаниясының жолаушылар саны 18,7 пайызға өсті.

Бұл жайында бүгін аталған компанияның ағымдағы жылдың бірінгі жартыжылдығына арналған қорытындысында айтылған.

«Эйр Астана» ұлттық әуетасымалдаушысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, яғни отынның 35%-ға қымбаттауына қарамастан 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында өсудің оң көрсеткіштерін байқатты. Айта кетейік, авиакеросин өндірістік қызметтегі шығындардың жалпы көлемінен 25% құрайды және шығындардың ең ірі саласы болып табылады.

«Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда жеткізілген жолаушылар саны 18,7% өсіп, 1 355 113 адамды құрады. Сондай-ақ жолаушылар сыйымдылығы 14,8% ұлғайды»,-делінген таратылған мәліметте.

Үстіміздегі жылы әуекомпания алты «Эмбраер 190» аймақтық ұшақтарынан алғашқы екеуін алып, Орталық Азия қалаларына ұшу жиілігін көбейтті. Сонымен қатар «Эйр Астана» Ресей Федерациясындағы Самара қаласына, Грузия астанасы Тбилисиге жаңа рейстер ашты және осы жылдың соңында Гонконгқа жаңа бағытты ашуды жоспарлап отыр.

Жақын арада Қазақстан азаматтық авиациясының көшбасшысы жаңа алысмагистральдік ұшақтарын сатып алу бойынша келісімшартты жасауды жоспарлап отыр.