«Эйр Астана» дәстүрлі Air Transport World Awards сыйлығының иегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін АҚШ-тың бас қаласы Вашингтонда өткен салтанатты шарада «Эйр Астана» президенті Питер Фостер 4300 қызметкер атынан марапатты қабыл алып, әуекомпанияның 12 жылда жеткен жетістігі «ғажайып саяхатқа» айналғанын атап өтті. Әуе индустриясының жүздеген өкілдері алдында сөз сөйлеген «Эйр Астана» басшысы жас әуекомпанияның еңбегіне жоғары баға берілгенін мақтан тұтатынын жеткізді және қазақстандықтарды қолдағандары үшін алғыс білдірді.

Air Transport World Awards-тың бас редакторы Карен Уолкер компанияның тапқырлығын, табысқа ұмтылысын, тұрақты қаржы көрсеткіштерін мадақтады. Бастапқы капиталы 17 млн. долларды құраған Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы 2002 жылы құрылған. Осы уақытта компания орташа қолданыс уақыты 5 жыл болатын батыста өндірілген ұшақтардан құралған әуе паркін жасақтап үлгерді.

ATW Airline Industry Achievement Awards жүлдесі авиация саласындағы ең беделді сыйлықтардың бірі болып табылады. Хитроу әуежайы, «Боинг» пен «Люфтганза» да биылғы жүлденің лауреаттары болып атанды.