«Эйр Астана» компаниясын халықтық ІРО-ға шығару мақсаты қойылып отырған жоқ

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» компаниясын халықтық ІРО-ға шығару мақсаты қойылып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейінгі баспасөз мәслихатында аталған қордың басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Қазіргі кезде мұндай жоспар жоқ. Осындай жоспарды 2011 жылы қарастырған едік. Біз келіссөздер жүргізген болатынбыз, алайда келісімге қол жеткізілмегеннен кейін, осы орайда қазір «Эйр Астана» компаниясын халықтық ІРО-ға шығару жоспары жоқ»,-деді төраға орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда екінші акционер бар. Онда акция құнын бағалау және басқа да мәселелер бойынша мүлдем басқа мақсат-міндеттерді көздегеніне байланысты себеп болуда.

«Сондықтан, бұл мәселені түбегейлі шешпей біз қазір осы жайында айта алмаймыз. Яғни, қазір «Эйр Астана» компаниясын халықтық ІРО-ға шығару мақсатын қойып отырғанымыз жоқ»,-деп түйді Қ. Бишімбаев.