«Эйр Астана» компаниясының әуе кемесі елорда әуежайына мәжбүрлі қонды

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» компаниясының әуе кемесі елорда әуежайына мәжбүрлі қонды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісін «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Тілек Әбдірахимов мәлім етті.

«2013 жылдың 21 тамыз күні кесте бойынша сағат 18:50-де Астана-Алматы бағытындағы KC954 рейсті орындайтын Boeing 767 әуе кемесі жолаушылар салонының түтіндеу күдігіне байланыс әуежайға қайта қонды», - деі ол.

Оның атап өтуінше, ұшақтың қонуы штаттық режімде жүзеге асырылған. Осыдан кейін авиакомпанияның инженерлік қызметі ұшақ ақауын іздеуге кіріскен.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ұшақтың екі желдеткіш жүйесінің бірі істен шыққандығы белгілі болды. KC954 рейсінің жолаушылары Алматыға 7 сағаттан кейін резервтік ұшақпен жөнелтілді. Ақау жөнделіп, ҚР Азаматтық авиация комитетінің рұқсаты алынғаннан кейін әуе кемесі ұшу кестесі жоспарына сәйкес рейстерді орындау үшін қатарға қосылды», - деді компания өкілі.