«Эйр Астана» мен «Скат» жыл соңына дейін жаңадан 5 халықаралық әуе бағдарын ашады

АСТАНА.  13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін «Эйр Астана» және «Скат» компаниялары

Астана - Ұлан-Батыр, Астана - Бейжің, Алматы - Сания, Қарағанды - Үрімші және Шымкент - Үрімші жаңа халықаралық бағдарларын ашуды жоспарлап отыр.Бұл туралы Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы көлік ведомствосына 7 сағаттық ұшу шеңберінде әлемнің ірі қалаларымен тікелей әуе қатынасын ашуды тапсырған еді. Биыл Астана - Ташкент, Астана - Баку, Астана - Санкт-Петербург және Алматы - Қазан бағдарлары ашылды.

Әрбір жаңа халықаралық бағдардың ашылуының артында Қазақстанның авиациялық билігінің құқықтық негіз қалыптастыру бойынша атқарған қыруар еңбегі тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың  наурыз айында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Гонконгпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Украина және Грузиямен хаттамаға, ҚХР, Үндістан және Иорданиямен меморандумдарға қол қойылды.  Украина, Үндістан және Иорданиямен әуе қатынасы туралы келісімдердің жаңа жобалары дайындалды. Пәкістанмен жаңа рейстерді ашу туралы меморандумға қол қою, БАӘ, Украина және Люксембургпен әуе қатынасы туралы келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.

Жаңа халықаралық әуе бағдарларының ашылуы туризмнің және елдер арасында сауда-экономикалық қатынастардың дамуына серпін беріп, отандық әуежайлардың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді.