«Эйр Астана» өкілдері ұшқыштар мен механиктердің жетіспейтінін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» компаниясының өкілдері кәсіби шебер ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсететін мамандарға мұқтаж. Бұл туралы аталған әуе компаниясының мамандары өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз техникалық қызмет саласы бойынша мамандарға аса мұқтажбыз. Қауіпсіздіктің халықаралық талаптары бойынша жұмыс істеп жатқандықтан бізге кәсіби деңгейі жоғары мамандар керек», - деді «Эйр Астана» АҚ-ның президенті Питер Фостер.

Осыған байланысты әуе компаниясы авиатехниктерді даярлау бойынша өз бағдарламаларын іске қоспақ. Сонымен қатар, әуе компаниясы ұшқыштарды даярлау бағдарламасы аясында оларды Испания, Ирландия елдеріне оқытпақ, сондай-ақ, бортсеріктерді Германия мен Англияда оқытуды жоспарлап отыр.

«Біз Сіздердің назарларыңызды әуе мамандықтарына аударғымыз келіп отыр. Бізде ешқандай тәжірибесі, еңбек өтілі жоқ кез келген қазақстандық өз бағын сынап көре алады. Өміріңізді авиациямен байланыстырсаңыз, қызықты болары сөзсіз, әрі ең қажетті мамандық иесі атанар едіңіз», - деді «Эйр Астана» АҚ әкімшілік мәселелер мен персоналдарды басқару басқармасының вице-президенті Евгения Ни.

Бүгінгі таңда әуе компаниясында 5 мың адам еңбек етеді. 31 әуе кемесі бар. Әуе компаниясы алдағы 10 жылда ұшақтар санын 64-ке, 2020 жылға дейін жұмысшылар санын 11 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.