«Эйр Астана» Үрімшіге әуе рейстерінің жиілігін арттырды

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы-Үрімші-Алматы бағытындағы рейстер санын аптасына 3-тен 7-ге дейін, ал 17 қыркүйектен бастап Астанадан Үрімшіге және кері бағыттағы ұшырылымдарды аптасына төрт ретке арттырады.

Осылайша, Қазақстаннан Үрімшіге қатынайтын әуе рейстерінің саны аптасына он бірге жетеді. Ұшырылымдар өте жайлы  Airbus A320 әуе кемесімен жүзеге асырылады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Астана-Үрімші бағытындағы алғашқы әуе қатынасы 2009 жылдың қарашасында жолға қойылған болатын. Ал Алматы мен Үрімші арасындағы алғашқы рейс 2010 жылдың шілдесінде қатынаған еді. Жалпы, Үрімші қаласымен арадағы әуе қатынасы кезінде 145516 жолаушы мен 130 тонна жүк тасымалданды.

Астанадан Үрімшіге ұшу ұзақтығы 2 сағат 45 минутты, ал Алматыдан 1 сағат 50 минутты құрайды.